― 12 ноября 2024 г.
Шымкентте IX Орта Азия елдері халықаралық театр фестивалі өз мәресіне жетті
Шымкенттегі Tullip Hall конгресс орталығында IХ Халықаралық Орта Азия елдері театр фестивалі өз мәресіне жетті.
Фестиваль аясында Әзербайжан, Қырғызстан, Қарақалпақстан секілді Түркі әлемінің түкпір-түкпірінен келген өнерпаздар қазақстандықтармен қуана қауышты.
Шымкент қаласы әкімдігі және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қатысуымен өткен салтанатты жиында ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раевтың атынан келген ТҮРКСОЙ өкілі Кемаль Гөз театр әртістеріне медальдар табыс етсе, белгілі қазақстандық театр әртісіАсанәлі Әшімов төрағалық ететін қазылар алқасы қатысушыларды марапаттады.
Жиында ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раевтың сәлемі оқылып, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрына, Жұмат Шанин атындағы театрға, Шымкент қаласының әкімдігі және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне фестивальді ұйымдастыруға атсалысқандары үшін алғыс айтылды. Сондай-ақ фестивальдің маңыздылығына тоқталып, Түркі әлемінің театр өнерін дамытуға арналған осындай фестивальдерді жиі өткізу сөз болды.
Хатты ТҮРКСОЙ-дың Түркі әлемі мәдениеті мен өнерінің жүрегі әрі киелі орталығы екені айтылып: «ТҮРКСОЙ мұндай мәдени және өркениеттік шараларға әрдайым атсалысып, қолдау көрсететін болады. Бүгінде театр өнері әлеммен бәсекеге түсетін жағдайға жетті. Түркі әлемінің театр фестиваліне куә болып отырсыздар, пьесаларды көруге келген адам қарасы өте көп. Бұл үдерісті жалғастыру үшін театрларды бір-бірімен, көрермендермен, сайып келгенде, қалалармен біріктіру қажет. Фестивальдер осы мақсатқа қызмет етеді», - деді ол.
Жеңімпаздардың тізімі келесідей: Үздік эпизодтық ер адам бейнесі – Базарбай Назарымбетов, Қарақалпақ мемлекеттік академиялық музыкалық театрының "Лувр үйрегі" спектакліндегі Шал рөлі. Үздік эпизодтық әйел адам бейнесі – Бақытгүл Асанова, Мемлекеттік «Учур» жастар театрының "Бетпе-бет" спектакліндегі Ана рөлі. Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі – Марат Хабибуллин, Әтнә мемлекеттік татар драма театрының "Қар астындағы қайнар бұлақ" спектакліндегі Әке рөлі. Екінші пландағы үздік әйел адам бейнесі – Севинч Курбонова, "Дийдор" мемлекеттік жастар эксперименталды театр-студиясының "Сайқымазақтар ойыны" спектакліндегі Айхан рөлі. Үздік ер адам бейнесі – Фират Онур Дениз, Алания қалалық театрының "Шал мен теңіз" спектакліндегі Шал рөлі. Үздік әйел адам бейнесі – Мөлдір Зияева, Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының "Атжалман ғасыр" спектакліндегі Жанбике рөлі. Үздік актерлік ансамбль – Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының "Ұлпан" қойылымы. Үздік режиссер – Шамиль Дыйканбаев, Мемлекеттік "Учур" жастар театрының "Бетпе-бет" спектаклі. Үздік спектакль – Самарқанд облыстық музыкалық драма театрының "Ләйлі-Мәжнүн" қойылымы.
Фестивальдің салтанатты жабылуына Бас хатшы Раев арнайы жіберген медальдар мен арнайы сертификаттарын ТҮРКСОЙ өкілі Кемаль Гөз табыс етті.
Салтанатты шара қазақстандық өнерпаздардың концертімен аяқталды.