― 19 апреля 2025 г.
Эрджиес университетінің «Түркі әлемі» зерттеу орталығында ТҮРКСОЙ кеңсесі ашылды
2025 жылдың 17 сәуірде Эрджиес университетінің «Түркі әлемі» зерттеу орталығы жанындағы ТҮРКСОЙ кеңсесінің ашылуы өтті. Эрджиес университетінің Ғылыми-зерттеу паркі ғимаратында құрылған кеңсенің ашылу рәсіміне Эрджиес университетінің ректоры профессор, доктор Фатих Алтун, Ферғана Мемлекеттік университетінің ректоры профессор, доктор Баходиржон Шермұхаммедов, ТҮРКСОЙ Бас хатшысының арнайы өкілі Мелик Өзсөз, Ферғана облысының туризм басқармасының басшысы Дилдорахон Давлатёрова және ғалымдар мен студенттер қатысты.
Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Эрджиес университетінің ректоры профессор, доктор Фатих Алтун «Түркі әлемі» зерттеу орталығы осындай ынтымақтастықтар арқылы тиімді құрылымға ие бола түскенін атап өтіп: «Университет ретінде рухани географиямыздағы қарым-қатынастардың одан әрі дамуына және түркі әлемімен академиялық әрі мәдени байланыстардың нығаюына бағытталған жұмыстарымызды күшейтіп жалғастырамыз», – деді.
ТҮРКСОЙ Бас хатшысының арнайы өкілі Мелик Өзсөз өз сөзінде Эрджиес университетінің ректоры профессор, доктор Фатих Алтунға және университет басшылығына қосқан үлестері үшін алғысын білдіріп: «Бұл кеңсе біз үшін тек байланыс ордасы ғана емес, сонымен қатар Кайсериге келгенде өз үйімізде жүргендей сезінетін ортамыз болады», – деді.
«Түркі әлемі» зерттеу орталығының директоры, PhD доктор Текин Айжан Ташжы да ТҮРКСОЙ кеңсесі түркі әлемінің ортақ мәдениетін жақынырақ танып-білу, бөлісу және оны болашаққа жеткізу жолында маңызды қадам екенін атап өтті.
Осылайша лентаны қию рәсімінен кейін кеңсе ресми түрде ашылды. Сондай-ақ жиналған қауымға орталықта өткізілуі жоспарланған іс-шаралар туралы ақпарат берілді.