― 5 марта 2024 г.
Әзербайжанда «Тұмар ханшайым» көрмесі ашылды
8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесіне орай, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы, Әзербайжан Республикасы Мәдениет министрлігі және Хайдар Әлиев орталығының ұйымдастыруымен Бакуде түркі әлемінің аты аңызға айналған қаһарман қызы «Тұмар ханшайым» атты көрме ашылды.
Көрме ашылмай тұрып, Әзербайжан Мәдениет министрі Әділ Керимли Хайдар Әлиев орталығына арнайы барып, түркі әлемінің суретшілерімен кездесіп, көрме жұмыстары туралы мәлімет алды.
Түркі әлемінің түрлі елдерінен келген суретшілерді Әзербайжанда көргеніне қуанышын білдірген Әділ Керимли бауырлас елдердің сурет өнері өкілдерімен кездесудің маңыздылығына тоқталды. Керимли түркі әлемінің әйел симаолы және қолбасшысы «Тұмар ханшайым» тақырыбындағы көрменің Бакуде алғаш рет өнер сүйер қауыммен кездесетінін және туындылардың түркі әлемі үшін үлкен мақтаныш екенін білдіріп, суретшілерге сәттілік тіледі.
Көрменің ашылуына ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Әзербайжан Мәдениет министрінің орынбасары Сеадет Юсифова, Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, мемлекет және үкімет қайраткерлері, парламент депутаттары, мәдениет және өнер саласының өкілдері мен қонақтар қатысты.
Көрмеде сөйлеген сөзінде Раев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ашылған бұл көрменің түркі әлемінің әйелдерге деген құрметін көрсететінін атап өтті. Сондай-ақ ол бұл шараның тұңғыш әйел билеушісі және қолбасшысы Томирис Хатунға арналып, әйелдерге ерекше мән беру мақсатында ұйымдастырылғанын жеткізді.
«Көрмеге Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркиядан келген 21 суретшінің «Тұмар ханшайым» тақырыбындағы 35 жұмысы қойылды. Әмірші-қолбасшы Тұмар ханшайым туралы көптеген тарихи еңбектер жазылды. Кино мен театр да қойылды. Әлемдік және түркіелдері суретшілері тарапынан үлкен қызығушылықпен қолға алынған бұл кейіпкер мәдени мұрамызды да байытты», – деді Раев өз сөзінде.
Салтанатты ашылуда сөз сөйлеген Мәдениет вице-министрі Сеадет Юсифова тарихи тұлғаныңтүркі әлемінің маңызды есімдерінің бірі екеніне тоқталды. «Томрис Батыс пен Шығыс өнерінің көрнекті тұлғаларының бірі. Оның бейнесін Қайта өрлеу дәуірінің ұлы суретшілері, жазушылары, басқа да суретшілері Геродот арқылы айтқанымен, 21 ғасырда жаңа рух, жаңа бояуға ие болды. Тұмар ханшайым билеушінің, соғыс қолбасшысының, талғампаз ханымның және ананың бейнелерін біріктіреді», – деді ол.
Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова түркі әлемі суретшілерінің туындылары ортақ мұрамызды, тарихымызды, салт-дәстүрімізді бейнелейтінінайтты. «Мәдениет және өнер саласындағы мұндай іс-шаралар маңызды. Тамыры ортақ түркіхалықтары арасында ортақ көпірдің салынуына септігін тигізеді. Көрмеге қатысқандарыңыз үшін әрқайсыңызға алғыс айтамын», – деді Райымқұлова.
Көрмеге туындылары енген халық суретшісі Сакит Мамедов «Тұмар ханшайым» тақырыбындағы көрменің бұндай деңгейде алғаш рет ұйымдастырылып жатқанын айтты. Сондай-ақ шарада Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ботагөз Төлеш, «Әдебиет» газетінің бас редакторы Азер Туран және Әзербайжан Суретшілер одағының вице-президенті Салхаб Меммедов көрмеде сөз сөйлеп, көрменің маңыздылығын әңгімеледі.
Жиын соңында қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.
Көрмеге Сакит Мамедов, Ариф Эзиз, Ханлар Эхмедов, Томирис Велиева (Әзербайжан), Сембіғали Смағұлов, Ағымсал Түзелханов, Еділғали Баянды, Әліби Байғожанов, Толқын Табысбек, Мөлдір Байғожанова, Бақытбек Зерде, Айткүл Тасмағамбетова, Ботакөз Төлеш, Рахат Сапарғалиева (Қазақстан), Талант Огонбаев, Жылкычы Жакыпов, Рахат Итикеев, Юристанбек Шыгаев, Эльдар Айтматов, Суютбек Торобеков (Қырғызстан), Сардор Аллабергенов (Өзбекстан), Рефик Азиз (Түркия) сынды суретшілердің жұмыстары қойылды.