― 22 апреля 2025 г.
Әкім Таразидің өмірдің өткеніне байланысты Сұлтан Раевтың көңіл айту хаты
КӨҢІЛ АЙТУ ХАТЫ
Қымбатты қаламгерлер қауымы мен ұлт руханиятының жанашырлары!
Қазақ әдебиетінің абыз ақсақалы, көрнекті қаламгер, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, классик жазушы Әкім Таразидың дүниеден озғаны баршамыздың қабырғамызды қайыстырды.
Әкім Ұртайұлы Тарази – қазақ прозасының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, сан ұрпақтың санасына сәуле шашқан сөз зергері еді. Оның қаламынан туған «Құйрықты жұлдыз», «Бұлтқа салған ұя», «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», «Қиянат», «Мұстафа Шоқай» сияқты романдары – ұлттық көркем сөздің асыл қазынасына айналды.
Жазушының кинематография мен театр саласына қосқан үлесі де айрықша. «Қараш-қараш», «Мұстафа Шоқай» секілді фильмдер мен «Күлмейтін комедия», «Ақын, періште, махаббат», «Махамбет» сынды пьесалар – оның шеберлігінің, ой тереңдігінің дәлелі.
Әдебиеттің Әкімі атанған тұлғаның артына қалдырған мол мұрасы – халқымыздың рухани байлығы. Ол кісінің жарқын бейнесі мен жазушылық биігі жадымызда мәңгі сақталады.
Қайғыға ортақтасып, туған-туыстарына, әріптестері мен оқырмандарына шын жүректен көңіл айтамыз. Жаны жәннатта, иманы саламат болсын.
Ізгі ниетпен,
Сұлтан РАЕВ
Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымыныңБас хатшысы